Денис Тен Алматыда мастер-класс өткізді. Бұл әлем чемпионатының күміс жүлдегерінің оңтүстік астанамыздың жас дарындарымен алғашқы кездесуі.
«Бүгін алматылық жас мәнерлеп тебушілерге арнап бірінші мастер-класс өткіздім. Жоспарланған бір сағаттың орнына семинар үш сағатқа созылды. Біздің жас әрі дарынды мәнерлеп тебушілерімізбен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын!» – деп жазды спортшы өзінің Тwitter парақшасында.
Іс-шара 19 мамыр күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 30 жас спортшылардың қатысуымен өтті. Денис Тен екінші мастер-классын Астанада «Денис Тен және достары» жобасы аяқталған соң өткізетінін хабарлады.
— Мастер-класс «Алау» мұз сарайында 27 мамыр күні өтеді, — деп хабарлады Денис Тwitter-дегі өз оқырмандарына.
Атақты қазақстандық спортшы былтырғы жылы Қазақстан чемпионаты аясында астаналық мәнерлеп тебушілермен өз тәжірибесімен бөліскен болатын. Осы уақыт аралығында көп нәрсе өзгерді, алайда әлемнің вице-чемпиондық атағы да, спорт шебері атағы да Денистің балалармен жұмыс істеуге деген қарым-қатынасын еш өзгертпейді. Мәнерлеп сырғанаушы мұндай семинарлардың жас спортшылармен қатар, өзіне де пайдасы зор екенін айтады.
Денистің мұз шоуына қатысты әңгімелердің арасында, көпшілігі Денисті спорттық мансабын жөнді жасамай тұрып, шоу бизнес әлеміне кіріп кетті деп кінәлайды. Бірақ, бұл әділетсіздік. Тіпті, жобаға қатысушыларды санау кезінде де Дениспен ұйымдастырушылар арасында келіспеушіліктер бар. Хабарландыруларда мәнерлеп сырғанаудан 15 әлемнің жұлдыздары деп жазылған, ал Денис болса өз сайтында олардың саны 14 деп жазады… себебі, ол өзін жұлдыз деп есептемейді.
Естеріңізге сала кетейік, 24 мамыр күні Алматыда, 25 мамыр күні Астанада «Денис Тен және достары» атты мұз шоуы өтеді. Қатысушылар арасында Стефан Ламбьель, Бриан Жубер, Ирина Слуцкая, Каролина Костнер. Шоуды КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Әлібек Дінішев ашады.