Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында конькимен мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Жыл сайынғы чемпионатқа әр түрлі жас санатындағы командалар қатысып жатыр. Спортшылар бірінші разряд, СШК және СШ бағдарламалары бойынша бақтарын сынауда.
«Чемпионат жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында өтеді. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 75-ке жуық спортшы қатысуда. Бұл чемпионатта өз аймағының намысын қорғау үшін ең үздік 16 спортшы ғана марапатталатын болады. Елорда үшін ел чемпионатын өткізу ең әдемі және әсем спорт түрін насихаттауға күшті серпін береді. Қала тұрғындары мен қонақтарына айтарымыз «Алау» мұз сарайына келіп, болашақ біздің чемпиондарымызға жанкүйер болуға, жарысты тамашалауға келіңіздер, кіру тегін. Ал, жарыс қатысушылары осы жарыстың барлық атмосферасын өз көздерімен көріп, жеңіске деген ұмтылыстары арта түседі деген ойдамын»- дейді қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ҚРЧ 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров, мәнерлеп сырғанаудан ҚРЧ екі дүркін күміс жүлдегері (2019, 2021), халықаралық чемпионаттардың жеңімпазы, өз арсеналында ең күрделі төрт қарғып секіруден жасөспірімдер арасындағы Гран-придің қола жүлдегері Рахат Бралин да өз бақтарын сынайды. Сондай-ақ бұл сында халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Левковец Анна, Джиренбаев Диас, Фарафонова София, Исакова Карина, Мельников Олег, Смағұлов Артур және т.б. да атақты спортшылар қатысуда.