Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының балалар спортын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде көрсетілетін қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және ашықтығын арттыру мақсатында балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) қаржыландыру жүйесін реформалауға бастамашы болды.

Жаңа тетіктер енгізілгенге дейін қаражат сметалық принцип бойынша бөлінді. Орташа алғанда, бір спортшының шығыны жылына шамамен 233 мың теңгені құрады, бұл ретте оқушылардың жеке қажеттіліктері мен нақты жүктемесі ескерілмеді. Жаттықтырушылардың жалақы деңгейі бәсекеге қабілетсіз болып қалды, бұл білікті мамандарды тартуды және ұстауды қиындатты.

2026 жылдан бастап жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру енгізіледі, онда қаражат әрбір балаға бөлінетін болады. Бір спортшыға ең төменгі шығыстар жылына 415 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бір мезгілде жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысын біліктілігі үшін қосымша ақы есебінен 30% — ға арттыру көзделген: мысалы, санаты жоқ және жұмыс тәжірибесі жоқ жас жаттықтырушы 150 мың теңгенің орнына шамамен 200 мың теңге алатын болады.

Сондай-ақ, жүйенің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін саланы есепке алу, деректерді талдау және басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа іске асырылуда.

Жаңа жүйеге көшу барлық мемлекеттік БЖСМ-ді қамтиды, оларды қаржыландыру жергілікті бюджеттер есебінен және мемлекеттік тапсырыс тетігі арқылы жүзеге асырылатын болады. Қабылданған шаралар жаттықтырушы кәсібінің беделін арттыруға, бұқаралық және балалар спортын дамытуға, сондай-ақ елдердің тұрақты спорттық резервін қалыптастыруға бағытталған