Жексенбі күні таңғы тоғызда спортқа әуес және салауатты өмір салтын ұстанатын елордалықтар «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңға жиналды. Мұнда үшінші мәрте Астана-Дуатлон 2018 жарысы өткізілді. Дутлонға қатысушылар сахнаның жанында кәсіпқой жаттықтырушылармен бірге бой жазып, жаттығулар жасаса, жанкүйерлер оларға қолдау көрсету үшін сөреге жиналды.

Бұқараның басын қосқан қоссайысқа 500-ге тарта адам қатысты. Шара шарты бойынша шаһардың шапшаң тұрғындары алдымен 5 км жүгіріп өтіп, содан соң 21 км велосипедпен жарысып, артынша бой суытпай тағы 2,5 км бағындыруы тиіс. Осы үдеден шыққан қатысушылардың алдыңғы қатары жеңіс тұғырынан көрінді.

Жұртты бірлікке бастаған бұл доданың белгіленген қашықтығын еңсерудің өзі – жеңіспен пара-пар. Сондай саламатты өмір салтын берік ұстанған белсенді тұрғындардың ортасынан ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов сынды азаматтар қатысты. Бұл сайысқа біздің ұжымнан ұйымдастыруға көмек көрсеткен төрешілерден бөлек қатысушылар да сөреге шықты. Коньки тебу спорты бөлімінің оқытушы-жаттықтырушысы Капарова Динара балаларды ғана шынықтырып қоймай өзі де салауатты өмірді ұстанады. 30-ға дейінгі жас ерекшелік тобында өнер көрсеткен жаттықтырушымыз барлық қашықтықтықты бағындырып жеңіс тұғырының шыңынан көрінді. 50 жасқа дейінгі жас ерекшелік тобынан тағы жеңімпазымыз боларына сенімді едік, бірақ өкінішке орай жарысқа шамалы уақыт қалғанда аяғын жарақаттап алған жаттықтырушымыз Татьяна Михалева бұл додаға қатыса алмады.

Қатысушыларды мәре сызығынан қарсы алған Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жеңістерімен құттықтап, жүлдегерлерге сый-сияпат көрсетті.