ДЕНИС КУЗИНДІ ЕЛІ БАТЫРЫНДАЙ ҚАРСЫ АЛДЫ

Бүгін еліміз Астана халықаралық әуежайында Денис Кузинді нағыз батырындай қарсы алды. Гүл шоқтары, құшақтар, жас спортшылар үшін дәстүрлі автографтар… Бұған себеп те бар. Қазақстандық Денис Кузин отандық конькимен жүгіру спортының тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанды. Қысқы спорт түрлері өкілдерінің ішінде мұндай жетістікке әйгілі Владимир Смирнов қана қол жеткізген еді. 

Азиадада табысты өнер көрсеткен Денис Кузин сұхбаттарының бірінде: «Ұлы идея болуы тиіс пе? Олимпиада немесе әлем чемпионы болуды әр спортшы армандайды. Егер ондай лауазым бар болса, соған ұмтылу керек. Бұл – ұлы идея. Осы жеткілікті». Бүгінде отандық конькимен жүгіру биылғы маусымдағы ең беделді атаққа ие болды. Бірақ елорда әуежайында өткен баспасөз маслихатында ол бұл жеңіске әлі де сене алмай жүргенін айтты.«Эмоция көп. Жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Бұған дейін бір күн бұрын 1500 метр қашықтықта нашар жүгіргем.Шынымды айтсам, жарысқа көңіл күйім болмай шықтым. Ал уақытымды көргенде өз көзіме өзім сене алмадым. Бес минут өткен соң әлем чемпионатында үшінші нәтиже көрсеткенімді түсіндім. Соның өзіне есімнен танып қала жаздадым, төбем көкке жетіп, қуандым. Соңғы жұп жүгіріп, менен жеңіліп қалғанда бұл нағыз жеңіс салтанаты болды. Мен үшін Әлем чемпионы және Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы атану екі еселенген қуаныш».

Дегенмен, бұл жеңіс кездейсоқ емес. 2012-2013 жж. қазақстандық конькимен жүгіру спортының тарихындағы ең табысты маусым болды. Отандастарымыз тұғырға бес мәрте көтерілді. Әлем кубоктарында командалық спринтте екі рет медаль алды. Екі мәрте «Б» тобында бірінші орынды иелендік. Әлем біріншілігіндегі бас жүлде – бұл үлкен жетістік. Дениспен бірге Астанаға келген Қазақстан құрамасының бас бапкері Вадим Саютиннің айтуынша, енді барша әлем бізді мүлде басқаша қабылдайды.

Денис Кузин Сочи Олимпиадасына жолдамаға әлем кубогының финалында қол жеткізген болатын. Бұл жеңіс қостанайлық спортшыға Олимпиадаға фаворит ретінде қатысуға мүмкіндік берді.

«Бұл тарихи жеңіс, – деп атап өтті құраманың бас бапкері, – Бұл республикамыздың халқына арналған үлкен сый. Көбі Қазақстанға, қазақстандық спортшыларға басқаша көзқараспен қарайтын болды.Бізге деген қарым-қатынастары түбегейлі өзгерді».Алдағы уақытта Денис Кузин қостанайлық жерлестерімен жүздесетін болады.