Коньки тебу спортнан Қазақстан чемпиондары белгілі болды

«Алау» мұз сарайында коньки тебу спортынан Қазақстан чемпионаты өтті. Тұңғыш рет көрермендер әлем чемпиондарымен бір айдында жарысты тамашалай алды.

Екатерина Айдова әйелдер арасында кезекті мәрте атағын дәлелдеп Қазақстан чемпионы атанды.

Екатерина Айдова, Қазақстан Республикасының чемпионы:

«Бүгінгі жарыста көрсеткен өнерім туралы айтар болсам, өзім ризамын. Дайындық нашар болса да, жарыстың жақсы өткені дұрыс. Бұл жұмыс режимінде өтті. Біздің басты жарыс — осы Астанада өтетін спринттен әлем чемпионаты. Бүгінгі жарыс дайындықтың бір кезеңі болды».

Чемпионның айтуынша, әлем чемпионатына дайындық жұмыс режимінде өтті, яғни жүгіріп, секірді және арнайы жаттығулар жасады.

Роман Креч ерлер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Жақында алған жарақатына қарамастан спортшы өз атағын дәлелдеді.

Роман Креч, Қазақстан Республикасының чемпионы:

«Осы екі қиын күннің өткеніне қуаныштымын. Себебі, бұл — ұзақ үзілістен кейін маусымдағы алғашқы старт болды. Бәрінен бұрын өзіңді, эмоцияларыңды жеңу өте қиын болды. Жүйкеге көп салмақ түсті. Мен үшін жарыстың сәтті өткеніне қуаныштымын».

Коньки тебу спортынан Қазақстан Республикасының бас бапкері Вадим Саютиннің айтуынша, алдағы уақытта команда әлем кубоктарына қатысуды жоспарлап отыр. Дүбірлі доданың бірінші кезеңі келесі аптада Норвегияда өтеді, сол жерде көпсайыстан чемпионатқа қатысушылар анықталады. Әлем кубогы кезеңінде 1500 м қашықтықта Екатерина Айдова, Денис Кузин, Максим Баклашкин және Александр Жигин өнер көрсетеді. Әлем кубогының тағы бір кезеңі Голландияда өтеді, онда чемпионат жүлдегерлерінің барлығы барады. Осыдан кейін әлем чемпионатының қатысушылары анықталады. Қазіргі таңда коньки тебу спортынан Қазақстан құрамасында ерлер 2, әйелдер 1 лицензияға қол жеткізді. Биыл Әлем чемпионаты Астана қаласында «Алау» мұз сарайында өтеді.

http://astana.gov.kz/kk/modules/material/7200