Он жылда алғаш рет елорда спортшыларын ақшалай қамту мөлшері өсті.

Еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда, елордалық спортшыларды ай сайын ақшалай қамтамасыз ету мөлшері ең төменгі көрсеткішті көрсеткен. Осыған орай, Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қалалық маслихат пен қоғамдық кеңеске ұсыныс жасалды. Аталған мәселені қала әкімі Алтай Көлгінов қарастырып, ай сайынғы төлемдерді ұлғайтуға қолдау білдірді.
«Айлық төлемдерді көбейту елорда спортшыларының материалдық қажеттіліктерін шешіп, спортта жоғары нәтижелерге жетуіне септігін тигізеді. Ұлғайтылған төлемдер биыл қазан айынан бастап спортшыларға төленетін болады», –                      Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Самат Серікқанұлы Ерғалиев деді.
Егер жаңа қаулыға дейін олимпиадалық спорт түрлері бойынша Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша спорт шеберлері 97 334 теңге алса, қазір 250 АЕК-ке немесе 694 500 теңгеге дейін өсті.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен спорт шеберлері 93 794 теңге алса, қазір олардың төлемдері 100 АЕК-ке дейін, яғни 277 800 теңгеге дейін өсті.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен спорт шеберлері бұған дейін 83 176 теңге алған. Жаңа қаулы бойынша олардың төлемдері 80 АЕК-ке дейін, яғни 222 240 теңгеге дейін өсті.
ҚР Чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен спорт шеберлері 79 637 теңге алса, жаңа қаулы бойынша олардың төлемдері 60 АЕК-ке, яғни 166 680 теңгеге дейін өсті.
«Ең қуантарлық жаңалықтың бірі деп санаймын. Сөзсіз, осындай шешім қаланың барлық спортшылар үшін стимул болмақ», – деді бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит.
«Шынымен қуаныштымыз. Жас спортшылар үшін үлкен мотивация. Спортшылардың атынан қала әкімдігіне және дене шынықтыру басқармасына алғысымыз шексіз – бокстан жастар арасында Олимпиада ойындарының жеңімпазы Айбек Оралбай деді.
Бұған дейін ай сайынғы төлемді Ұлттық құрамаға кірген тек 84 спортшы алды. Енді олардың саны 176-ға жетті.