Алда олимпиадалық маусым

2013 жылдың соңғы айы өз мәресіне жетуге жақын, яғни қорытынды жасайтын кез жетті.  

Өткен маусымда конькишілер үшін ең маңызды оқиға ретінде әлем чемпионатының алтын жүлдесі саналды. Денис Кузин айды аспанға бір-ақ шығарды: бұған дейін қазақстандық конькишілер жоғары сұрыпты жүлдеге қол жеткізген емес. Ең жоғарғы көрсеткішіміз 1998 жылғы Нагано Олимпиадасы мен 1999 жылғы әлем чемпионатындағы қола жүлделер болған. 

2013 жылғы әлем чемпионатынан соң америкалық спортшылар Денис Кузинді «Мистер Тосынсый» деп атап кетті. Енді оны бұдан да жауапты шара күтіп тұр – Әлем кубогы кезеңдерінен басталған олимпиадалық маусым. Төрт кезең қорытындысы бойынша, қостанайлық спортшы үшінші орында. 

– «Сочиде не боларын ешкім де білмейді. Мен әлем чемпионымын, сондықтан Олимпиадада жеңіске жетемін деп айту қисынсыз. Барымды салып дайындаламын, қолымнан келгеннің барлығын жасаймын», – дейді Денис.

Сонымен қатар, Дмитрий Бабенко да 1500 м қашықтықта Азия чемпионы атанса, көпсайыс қорытындысы бойынша күміс жүлде еншіледі. Ал Қазақстан біріншілігінде Роман Кречке тең келер ешкім табылмады.

Әр жетістіктің артында қажырлы еңбек пен тынымсыз жаттығу тұрады. Спортшыларды жаттығу құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жоғары деңгейлі жарыстарға қатыстыру жолында «Самұрық-Қазына» АҚ көп көмегін тигізуде. 2013 жылы АҚ тарапынан бөлінген қаржы көлемі 20 млн теңгені құрады.

10 млн-дан астам қаржы Испания мен Германияда өткен оқу-жаттығу жиындарына жұмсалды.

Ал ресейлік бапкерлер мен массажист-дәрігерлердің, әкімшілік қызметкерлердің қызметін төлеу үшін 8 млн-ға жуық қаражат қажет болды. 

-«Бірігіп жұмыс істеп жатқанымызға бір жыл ғана болғанымен, «Самұрық-Қазына» АҚ Сочи Олимпиадасына алты жолдама алуға көмектесті деп сеніммен айта аламын», – дейді Ұлттық Коньки тебу федерерациясының атқарушы директоры Радик Бикчантаев.

Жолдамаларға қол жеткізген спортшылар арасында – Денис Кузин, Роман Креч, Федор Мезенцев, Дмитрий Бабенко, Александр Жигин, Екатерина Айдова барЕнді спортшыларымыздың басты тапсырамасы – Сочи Олимпиадасында нәтижелі өнер көрсету. 

http://sk-sport.kz/kz/articles/1527