«Бурабай 2016»

Ағымдағы жылғы 29 сәуір мен 03 мамыр аралығында Щучинск қаласында спорттық бағдарлау спортынан «Бурабай 2016» халықаралық көпкүндік жарысы өтті.

Бұл жарысқа спорт мектебімізден 10 спортшы қатысты. 5 күнге созылған тартысты додада спортшыларымыз жүлделі орындарға таласып, 3 спортшымыз мақсаттарына жете алды. Гребенник Артем өз жас ерекшелігі арасында қоланы қанағат тұтса, Ибраева Камила мен Нестерова Анастасия қарсыластарына шаң қаптырып алтын медальдарды ауыздықтады.

Спорттық бағдарлау спорты олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына кірмесе де елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Спорттық бағдарлау – бұл қызықты да тартымды, белсенді демалыстың тамаша бір бұқаралық түрі. Бұл спорт түрімен әр – түрлі спорттық біліктілігі бар және дене дайындығы арқалай жас ерекшеліктері бойынша үлкені де, кішісі де айналыса алады.

Спорттық бағдарлау барысында дене бұлшық еттерінің қозғалысы ғана емес, ойлау қабілетін де қажет етеді. Сондықтан да бұл спорт адамды күнделікті күйбең тірліктен арылтып, нағыз көңіл – күй сыйлайды. Спорттық бағдарлау бойынша сайыстар жас ерекшелігіне немесе қатысушылардың шеберлік деңгейіне байланысты әр түрлі топта өткізіледі.

Қашықтық қиындығы мен оның ұзақтығы спортшының дайындығы мен бағдарлау шеберлігін талап ететін жолды тиімді өтуге байланысты принціптер бойынша анықталады.